$ 466.08 € 538.56 ₽ 5.65

Алматы облысында күйеуін өлтірді деп айыпталған әйел ақталды

Абдрахманов Мағжан
11 тамыз 2026, 15:19
Алматы облысында күйеуін өлтірді деп айыпталған әйел ақталды Сурет авторы: ашық дереккөзден

Алматы облысында алқабилер соты күйеуін өлтірді деп айыпталған әйелді кінәсіз деп таныды. Сот оған қатысты ақтау үкімін шығарып, қамаудан босатты, деп хабарлады Алматы облысы соттарының баспасөз қызметі.

Оқиға биыл 1 мамырда Алматы облысында болған. Отбасылық жанжал кезінде әйел күйеуінің кеуде тұсына асүй пышағын сұққан. Кейін оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы – «Адам өлтіру» бойынша айып тағылды.

«Істі қарау қорытындысы бойынша алқабилер сотталушыны тағылған қылмысты жасағаны үшін кінәсіз деп таныды. Алқабилердің шешімі негізінде сот оны тағылған айып бойынша кінәсіз деп танып, ақтау үкімін шығарды», – делінген сот хабарламасында.

Қорғаушы тарап әйелдің күйеуіне пышақ жарақатын салғанын жоққа шығармаған. Алайда оның адам өлтіру ниеті болмағанын алға тартты. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, оқиғаға дейін отбасында бірнеше жыл бойы жанжал мен тұрмыстық зорлық-зомбылық болған.

«НеМолчи» қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Дина Смаилова да сотталған әйелдің күйеуінен ұзақ жыл бойы зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді. Оның сөзінше, соңғы жанжал болған кезде әйел жүктіліктің бесінші айында болған.

Смаилованың айтуынша, әйелді тұншықтырып, басы мен мойнынан ұрып, қыста түнде емізулі баласымен бірге үйден қуып шыққан жағдайлар болған. Сондай-ақ ол жүктіліктерінің бірінде соққыдан кейін денесінде қанталау пайда болып, қан кеткенін жазды.

Ерлі-зайыпты 16 жыл бірге тұрған, олардың төрт баласы бар.

Сот әйелге қатысты бұған дейін таңдалған қамауда ұстау шарасының күшін жойып, оны босату туралы шешім шығарды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар