$ 469.71 € 536.17 ₽ 6.01

Алматы – Қаскелең тасжолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі

Абдрахманов Мағжан
15 шілде 2026, 16:46
Алматы – Қаскелең тасжолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі Сурет авторы: Алматы әкімдігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Алматы – Қаскелең автожолының сегіз шақырымдық бөлігі төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен кеңесте мәлім болды.

Үкімет басшысы жобаны іске асыруды созбауды тапсырды. Оның айтуынша, Алматы қаласы мен маңындағы елді мекендердің тұрғындары бұл бағыттағы көлік кептелісіне ұзақ жылдан бері шағымданып келеді.

«Мердігер осы аптаның соңына дейін құрылыс техникасы мен жұмысшыларды толық жұмылдырып, 20 шілдеде құрылыс жұмыстарын бастауы қажет», – деді Олжас Бектенов.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, жоба аясында Алматыдан Қаскелеңге дейінгі сегіз шақырымдық жол қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ екі жолайрық пен тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынады.

Жобаны Қазақстанның Даму банкі қаржыландырады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін жолдың өткізу қабілеті екі есе артады. Құрылысты 2027 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар