$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

Алматы әуежайында пышақпен шабуыл жасаған ер адам бұрын автобуста әйелге қол көтерген

Редакция
07 наурыз 2025 08:51 4559
Алматы әуежайында пышақпен шабуыл жасаған ер адам бұрын автобуста әйелге қол көтерген Сурет авторы: Жансейіт Қабылтаев

Алматы халықаралық әуежайында қызметкерге шабуыл жасаған ер адамның бұған дейін қоғамдық көлікте әйелге қол көтергені анықталды. Бұл ақпаратты полиция ресми түрде растады.

Желі қолданушылары әуежайдағы оқиға туралы жаңалық шыққаннан кейін шабуылдаушының өткен жылы Алматы автобусында әйелді соққыға жыққан ер адамға ұқсайтынын байқаған. Олардың айтуынша, сыртқы келбеті, киімі және сөмкесі ұқсас.

Полиция бұл екі оқиғаның бір адамға қатысты екенін растады.

"Автобус ішіндегі оқиғадан кейін Алмалы ауданы полиция басқармасы күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын. Ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот тергеу кезінде оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын белгіледі. Дәлелдер жиналған соң, қылмыстық іс сотқа жіберілді. 2024 жылдың желтоқсанында сот ер адамды бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті," – деп хабарлады Алматы полиция департаменті.

Алматы қаласындағы әуежайда 7 наурыз күні сағат 11:45-те ішкі рейстер терминалында белгісіз ер адам қызметкерге шабуыл жасаған.

Ол жолаушы ретінде кіріп, құжаттарын көрсетуден бас тартқан, кейін тексеру қызметкерін шашынан ұстап, оған пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен.

Шамамен жеті минуттан кейін әуежайдың қауіпсіздік қызметі мен көлік полициясының желілік бөлімшесі күдіктіні ұстап, залалсыздандырды.

Қазір құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Соңғы жаңалықтар