$ 526.5 € 611.64 ₽ 6.72

Алматы әуежайында кепілге адам алған ер адамға үкім шықты

Абдрахманов Мағжан
16 шілде 2025 17:03 174
Алматы әуежайында кепілге адам алған ер адамға үкім шықты Сурет авторы: видеодан кадр

Алматы қалалық соты әуежайда әйел адамды кепілге алған Машрабек Баратовқа үкім шығарды. Ол кепілге адам алу, қару қолдану арқылы бұзақылық жасау, сондай-ақ терроризм актісі туралы жалған хабарлама беру баптары бойынша кінәлі деп танылып, 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сот бұл жазамен қатар оның бұрынғы қылмысы бойынша өтелмеген мерзімін де қосты. Бұған дейін Баратов автобус ішінде әйелге қол көтергені үшін 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасын алған болатын. Осылайша, жалпы жаза мерзімі 11 жыл болды.

Оқиға 7 наурыз күні таңертең Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалында болған. Баратов құжатын көрсетуге қарсы болып, әуежай қызметкерін шашынан тартып, алқымына пышақ тақап қорқытқан. Жеті минуттың ішінде оны полиция мен авиациялық қауіпсіздік қызметі қызметкерлері ұстаған.

Кейінірек әлеуметтік желіде Мұса Әбдірайым есімді азаматтың шабуылдаушыны қалай залалсыздандырғаны түсірілген видео тарады. Ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Тергеу дерегінше, Баратов тек әйел адамды қорқытып қана қоймай, сөмкесінде жарылғыш зат барын айтып, әуежайды жарып жіберемін деп қоқан-лоқы көрсеткен. Ал сот барысында ол ешкімге зиян келтірмек ойы болмағанын айтып, алып жүрген пышағы шұжық кесуге арналғанын алға тартты.

Соңғы жаңалықтар