$ 486.19 € 554.26 ₽ 6.51

Алматы әуежайы жылына 55 млн жолаушыға қызмет көрсетпек

Редакция
24 маусым 2026, 09:25
Алматы әуежайы жылына 55 млн жолаушыға қызмет көрсетпек Сурет авторы: Ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Groupe ADP компаниясының бас директоры Филипп Паскальмен кездесті. Тараптар Алматы әуежайын дамытудың келешегін және авиация саласындағы ірі жобаларды талқылады.

Кездесу барысында Президент авиахабтарды дамыту Қазақстанның көлік-логистикалық стратегиясындағы маңызды бағыт екенін атап өтті. Мемлекет басшысы шетелдік серіктестермен ынтымақтастықтың нәтижелі екеніне тоқталды.

«Groupe ADP компаниясының Алматы әуежайының инфрақұрылымын басқаруға қатысуы табысты әріптестіктің жарқын үлгісі бола алады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жаңа халықаралық терминалдың салынуы әуежай инфрақұрылымын жаңартуға зор үлес қосқанын баса айтты:

«Бұл әуежай инфрақұрылымын жаңартуға және жолаушылар ағынын жылына 14 миллион адамға дейін арттыруға мүмкіндік берді», — деді Президент.

Өз кезегінде Филипп Паскаль әуе айлағын дамытудың 2050 жылға дейінгі бас жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, инвестициялық бағдарлама әуежайдың өткізу қабілетін 55 миллион жолаушыға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Кездесу соңында тараптар өңірлік әуежайларды жаңғырту мәселелерін де қарастырды. Президент Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе қатынастары туралы келісім саланың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар