$ 479.02 € 551.11 ₽ 5.82

Алматы ауасының ластану себептері анықталды

Абдрахманов Мағжан
18 наурыз 2026, 17:14
Алматы ауасының ластану себептері анықталды Сурет авторы: ашық дереккөзден

Халықаралық ғалымдар тобы Алматы ауасындағы PM2.5 бөлшектерінің химиялық құрамын зерттеп, смогтың негізгі көздерін анықтады. Зерттеу нәтижесін Almaty Air Initiative қоры жариялады.

Зерттеуге сәйкес, ауаның ластануының 54%-ы жану процестеріне тиесілі. Оның ішінде:

  • 18% – ЖЭО мен қазандықтардан шығатын түтін,

  • 16% – жеке сектордағы көмірмен жылыту,

  • қалған бөлігі – атмосферада түзілетін екінші реттік аэрозолдер.

Ғалымдар PM2.5 құрамында қорғасын мен алюминий сияқты ауыр металдар бар екенін анықтаған. Мамандардың айтуынша, мұндай заттар ағзада жиналып, әсіресе балалардың ми дамуына кері әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар:

  • 32% ластану жол шаңынан келеді,

  • 14% – автокөлік шығарындыларына тиесілі.

Зерттеу барысында Алматының географиялық ерекшелігі де маңызды фактор екені айтылды. Қала таулармен қоршалған «қазаншұңқырда» орналасқандықтан, ауа айналымы әлсіз болып, зиянды бөлшектер тарамай, керісінше жиналып қалады.

Ауа сынамалары 2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың шілдесіне дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағында алынған. Мамандардың айтуынша, қаланың жоғарғы бөлігінде де көмір түтінінің әсері айқын байқалса, төменгі аудандарда жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін.

Зерттеу авторлары мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныс жасаған. Атап айтқанда:

  • ЖЭО-ларды газға көшіру және заманауи сүзгілер орнату,

  • көмір сатуға шектеу енгізу,

  • үйлерді газға қосуға және жылу оқшаулауға субсидия беру,

  • қоғамдық көлік пен микромобильділікті дамыту,

  • техникалық тексерісті қатаңдату,

  • PM2.5 деңгейіне жылдық шектеу енгізу (25 мкг/м³).

Сарапшылардың пікірінше, бұл шаралар жүзеге аспайынша Алматыдағы ауа сапасын түбегейлі жақсарту қиын болады.

 
 

Соңғы жаңалықтар