$ 485.4 € 550.69 ₽ 6.41

Әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаражат 860 миллиард теңгеге қысқартылады

Абдрахманов Мағжан
26 маусым 2026, 17:16
Әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаражат 860 миллиард теңгеге қысқартылады Сурет авторы: finratings.kz

Қазақстан Үкіметі 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаражаттың 860 млрд теңгесін оңтайландырып, оны білім беру, денсаулық сақтау және өзге де салаларға қайта бағыттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бүгінде республикалық бюджеттің 38,7 пайызы, ал жергілікті бюджеттердің 48,1 пайызы әлеуметтік төлемдерге жұмсалады. Оның сөзінше, 2020 жылы әлеуметтік төлемдер көлемі 3,3 трлн теңге болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 6,7 трлн теңгеге жеткен. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар көлемі 367 млрд теңгеден 742 млрд теңгеге, ал балалы отбасыларға төленетін жәрдемақылар 427 млрд теңгеден 974 млрд теңгеге дейін өскен.

Осыған байланысты Үкімет әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру туралы шешім қабылдаған. Серік Жұманғариннің айтуынша, мемлекеттік қолдау ең алдымен оған шынымен мұқтаж азаматтарға бағытталуы тиіс.

Ол үнемделген қаражат білім беру, денсаулық сақтау және халықтың адами капиталын дамытуға жұмсалатынын айтты. Министрдің пікірінше, бұл ұзақ мерзімді жұмыспен қамтуды арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар вице-премьер әлеуметтік төлемдердің өзі қысқартылмайтынын, бірақ оларды алушыларға қойылатын талаптар күшейтілетінін атап өтті. Оның айтуынша, ең алдымен халықтың қамтамасыз етілу деңгейі жоғары А және В санаттарына жататын азаматтарға қатысты талаптар қайта қаралады.

Соңғы жаңалықтар