$ 470.17 € 547.47 ₽ 6.42

Әлемде COVID-19-дың жаңа нұсқасы таралып жатыр: Ол қаншалықты қауіпті

Абдрахманов Мағжан
13 сәуір 2026, 11:58
Әлемде COVID-19-дың жаңа нұсқасы таралып жатыр: Ол қаншалықты қауіпті Сурет авторы: Reuters

COVID-19-дың «Цикада» деп аталатын жаңа BA.3.2 штамы әлемнің 23 елінде анықталды, деп хабарлады BBC-дің орыс қызметі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл нұсқаны «бақылаудағы» санатқа енгізді.

Мамандар қазіргі уақытта оның жаһандық денсаулық сақтау жүйесіне қауіп төндіріп-төндірмейтінін зерттеп жатыр. АҚШ-та наурыз айында Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы елдің 25 штатында жұқтыру жағдайлары тіркелгенін мәлімдеді.

Зерттеулерге сәйкес, Нью-Йорктегі деректер балалар арасында жұқтыру ықтималдығы ересектерге қарағанда жоғары болуы мүмкін екенін көрсетеді. Ғалымдар мұны балалар иммунитетінің әлсіздігімен және жаңа вирус түрін ағзаның тануы қиындығымен байланыстырады.

Британдық вирусологтар вирустың мутациялары иммундық жүйеге оны тануға кедергі келтіріп, антиденелерді айналып өтуіне мүмкіндік беретінін айтады. Соған қарамастан, қазіргі уақытта «Цикада» штамының ауруды ауырлататыны немесе ерекше белгілер тудыратыны туралы нақты дерек жоқ.

Жаңа нұсқаның белгілері дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақ ауруы, мұрын бітелуі, әлсіздік, бас ауруы, дене сырқырауы, ентігу және іш өту сияқты көріністермен сипатталады. Сарапшылар вакциналардың тиімділігі төмендеуі мүмкін екенін айтқанымен, олар аурудың жеңіл өтуіне әлі де ықпал ететінін атап өтті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұған дейін бұл штамның қоғамдық денсаулыққа қаупі төмен екенін және ауыр жағдайлар санының артқаны туралы дерек жоқ екенін мәлімдеген. Мамандар жаңа штамдар алдағы уақытта да пайда болып, ауру толқындарын тудыруы мүмкін екенін ескертеді.

Соңғы жаңалықтар