$ 469.52 € 553.75 ₽ 6.15

Әлем мойындаған қазақ блогері Threads форумында төбе көрсетті

Редакция
16 сәуір 2026, 10:04
Әлем мойындаған қазақ блогері Threads форумында төбе көрсетті Сурет авторы: threads.com/@bydastann

Қазақстанның атын әлемдік деңгейде танытып жүрген видеограф әрі трэвел-блогер Дастан Мұхамедрахим кезекті биікті бағындырды. WIBA Awards 2026 нұсқасы бойынша өз санатында «Әлемнің ең үздік трэвел-блогері» деп танылған отандасымыз Threads әлеуметтік желісінің халықаралық форумына арнайы қонақ ретінде қатысты.

Дастанның айтуынша, ол форумның арнайы мейманы болып, әлемдік жұлдыздармен иық тіресті. Шара барысында қазақстандық блогер Instagram әлеуметтік желісінің бас директоры, танымал кәсіпкер Адам Моссеримен (Adam Mosseri) кездесті.

Кездесудің ең қызықты тұсы - Дастанның қасында әлемге әйгілі американдық актриса Зендая (Zendaya) мен 7,5 миллионнан астам оқырманы бар танымал инфлюенсер Джошуа Платильеро (Mega American) болды.

Бұған дейін Дастан Мұхамедрахим Францияда өтетін Cannes Film Festival аясындағы салтанатты марапаттау рәсіміне шақырту алғанын мәлімдеген болатын. Ресми хатта оны «әлемдегі ең үздік трэвел-блогер» деп атаған. Марапаттау рәсімі 22 мамырға жоспарланған.

«Егер бәрі сәтті болса, әлемдік деңгейдегі тың ұсыныстар түседі. Жақында керемет жаңалықтармен бөлісемін», – деп жазды блогер.

Айта кетейік, Дастанның туындыларына деген қызығушылық тек елімізде емес, жаһандық деңгейде артып келеді. Өткен жылы оның видеолары Instagram-ның ресми парақшасында жарияланған болатын. Ал жақында ғана оның кезекті бір ролигі небәрі екі күн ішінде 12,4 миллионнан астам қаралым жинап, желіні жарып жіберді.

Соңғы жаңалықтар