Ақорда резиденциясында XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Олимпиаданың Қазақстан үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
– Отандасымыз Михаил Шайдоров тамаша өнер көрсетті. Мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алып, көк Туымызды Олимп шыңына көтерді. Сондықтан Михаилға алғысымды білдіріп, құттықтағым келеді. Ең алдымен, оның әкесі мен бапкеріне ризашылығымды айтамын. Сіздер қажырлы еңбектің арқасында Михаилды нағыз дарын иесі ретінде бүкіл әлемге таныттыңыздар. Халқымыз оны мақтан тұтады, ал жас буын үлгі алады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жеңістің тарихи мәніне тоқталды.
– Бұл – 32 жылдан кейін қол жеткізген тарихи жүлде. Сонымен қатар мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Күллі әлем елімізде Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастар бар екенін көрді. Кортина д’Ампеццо мұз айдынында отандасымыздың жұлдызы жарқырады. Бұл – тынымсыз еңбектің, темірдей тәртіптің және өз күшіне деген сенімнің нәтижесі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Михаилдың әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегіне ерекше тоқталды.
– Станислав Александрович – мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ұлының алғашқы қадамына жол ашып, ең қиын сәттерде жанынан табылды. Мемлекет басшысы ретінде көк Туымызды әлемдік аренада желбіреткен ұл тәрбиелегеніңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер биік шыңға апарар күрделі жолдан бірге өттіңіздер, – деді Президент.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістігі үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Оның бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урманов ІІ дәрежелі «Достық» орденін иеленді.
Сонымен қатар «Құрмет» ордені Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа және Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.