$ 478.77 € 548.62 ₽ 5.87

Әл-Фарабидегі жол апаты: айыпталушы тарап татуласуға әрекет жасаған

Абдрахманов Мағжан
31 наурыз 2026, 12:37
Әл-Фарабидегі жол апаты: айыпталушы тарап татуласуға әрекет жасаған Сурет авторы: видеодан кадр

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша айыпталушы тарап жәбірленушілермен татуласуға әрекет жасаған. Алайда қаза тапқан жүргізушінің туыстары бұл ұсынысты қабылдамаған. Бұл жөнінде «31-арна» хабарлады.

Жәбірленуші тараптың мүддесін қорғайтын адвокат Олег Черновтың айтуынша, тергеу аясында күдіктінің банк картасы бойынша операцияларын тексеру жоспарланып отыр. Бұл оның апат күні алкогольдік ішімдік сатып алған-сатып алмағанын анықтау үшін қажет. Сондай-ақ адвокат ойын-сауық орындарынан түбіртектер мен бейнежазбаларды сұратпақ.

Қорғаушының мәліметінше, күдікті қазіргі уақытта ауруханада жатыр. Оның жағдайы тұрақталғаннан кейін тергеу изоляторына ауыстырылуы мүмкін. Сонымен қатар адвокат апат болған күні күдіктінің кімдермен байланысқа шыққанын да анықтауды көздеп отыр.

Еске салайық, 21 наурыз күні Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті апат кезінде жеңіл дәрежеде мас күйде болған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігіне қатысты да жеке іс тергеліп жатыр. Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары және бірқатар бөлім басшысы қызметінен босатылған.

Соңғы жаңалықтар