$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

Ақтөбеде із-түзсіз жоғалған 13 жасар баланың денесі судан табылды

Редакция
08 маусым 2024 07:04 2319
Ақтөбеде із-түзсіз жоғалған 13 жасар баланың денесі судан табылды Сурет авторы: Azattyq.org / Zhanagul Zhursin

Ақтөбе қаласында бірнеше күн бұрын із-түзсіз жоғалған 13 жасар Кәрім Жетірудың денесі 8 маусым күні Елек өзенінен табылды. 

Ақтөбе облыстық ТЖД мәліметінше, мәйіт сенбі күні сағат 9:45 шамасында табылған. Оны жағадан 15 метрдей жерден сүңгуірлер алып шыққан.

Аутизм дертіне шалдыққан 13 жасар бала Кәрім Жетіру 4 маусым күні кешкі бестер шамасында Елек өзені жағалауына жақын әжесінің үйінен шығып кеткен. Туыстарының айтуынша, бала сөйлей алмайды. Кісіден көмек сұрауға да қабілетсіз. Судан, көліктен, қараңғыдан қорықпайды. Жоғалған баланы полиция, әскерилер, еріктілер мен туыстары жалпы саны 500-ден астам адам күні-түні іздеді.

Кәрімнің үйден шығып бара жатқан сәті көрші үйдің бақылау камерасына жазылып қалған. Видеода үйден шыққан бала есіктің алдындағы автокөліктің жанында сәл кідіріп, сол жақтағы қуыспен үйдің артына қарай кетеді. Осыдан кейін баланы ешкім көрмеген.

Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиевтің айтуынша, алдын-ала тексеру кезінде баланың денесінде ешқандай жарақат болмаған. Мәйітте зорлық-зомбылық белгілері бар-жоғын арнайы сараптама айтуы тиіс. Ақтөбе полициясы кәмелетке толмаған Кәрім Жетірудың қазасына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын, бірнеше сараптама тағайындалғанын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар