$ 532.74 € 617.23 ₽ 6.77

Ақтөбе облысында медицина нысандарын салуға қайтарылған активтерден 1,4 млрд теңге бөлінді

Редакция
25 сәуір 2025 02:47 3187
Ақтөбе облысында медицина нысандарын салуға қайтарылған активтерден 1,4 млрд теңге бөлінді Сурет авторы: primeminister.kz

Үкімет Актөбе облысында медициналық мекемелер салуға мемлекетке қайтарылған активтерден 1,4 миллиард теңге бөлгенін хабарлады.

Премьер-Министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл өңірде 11 медициналық нысан салынып, пайдалануға беріледі.

Атап айтқанда, фельдшерлік-акушерлік пункттер Ырғыз ауданының Нұра және Байғанин ауданының Ноғайты ауылдарында бой көтереді. Сонымен қатар Шалқар ауданының Шоқысу, Сарысай және Тоғыз ауылдарында, Мұғалжар ауданының Жарық ауылында, Қобда ауданының Бегалы ауылында және Ырғыз ауданының Жарма ауылында медициналық пункттер салынады.

Ал Мұғалжар ауданының Қайыңды және Мұғалжар ауылдарында, сондай-ақ Алға ауданының Маржанбұлақ ауылында дәрігерлік амбулаториялар ашылады.

«Барлық медициналық нысан тәулігіне 25–45 адам қабылдауға есептелген. Бұл ауыл тұрғындары үшін сапалы медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырады», – делінген үкімет хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін үкімет қайтарылған активтер қорынан еліміздің түрлі өңірлерінде әлеуметтік нысандар салуға 100 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген.

Соңғы жаңалықтар