$ 456.88 € 534.64 ₽ 5.47

АҚШ соты Қазақстан азаматтарына иммиграциялық виза беруге қойылған шектеуді алып тастады

Абдрахманов Мағжан
24 тамыз 2026, 09:41
АҚШ соты Қазақстан азаматтарына иммиграциялық виза беруге қойылған шектеуді алып тастады Сурет авторы: finratings.kz коллажы

АҚШ-тың Нью-Йорк Оңтүстік округінің федералдық соты Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарына иммиграциялық виза беруді тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жойды. Сот шешімі 21 тамызда шығарылған.

Судья Жаннетт Варгас АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың мұндай шектеу енгізу арқылы өз өкілеттігін асыра пайдаланғанын мәлімдеді. Сот визаны өтініш берушінің азаматтығына ғана сүйеніп тоқтату АҚШ-тың көші-қон заңнамасына қайшы деп тапқан.

Биыл қаңтарда АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанды қоса алғанда, 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза рәсімдеуді тоқтатқан еді. Бұған өтініш берушілердің АҚШ-та мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік қолдауға тәуелді болып қалу қаупі себеп ретінде көрсетілген.

Шектеу 21 қаңтарда күшіне енген. Ол АҚШ-та тұрақты тұруға мүмкіндік беретін иммиграциялық визаларға ғана қатысты болды. Туристік, іскерлік, студенттік және өзге де уақытша визаларға бұл шешім қолданылған жоқ.

Сот даулы тәртіпке ғана сүйеніп қабылданған визадан бас тарту шешімдерінің де күшін жойды. Мұндай өтініштер енді жеке-жеке қайта қаралуға тиіс.

Алайда сот шешімі барлық өтініш берушіге виза автоматты түрде беріледі дегенді білдірмейді. АҚШ билігі заңда көзделген басқа негіздер бойынша виза беруден бас тарта алады.

Мемлекеттік департамент пен Марко Рубиоға қарсы талапты Catholic Legal Immigration Network және African Communities Together ұйымдары, сондай-ақ иммиграциялық визаға өтініш берген шетелдіктер мен туыстарын АҚШ-қа әкелуге ниетті америкалық азаматтар берген. Іс 2026 жылғы ақпанда қозғалған.

Соңғы жаңалықтар