$ 465.08 € 536.52 ₽ 5.56

АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Қазақстанға келіп, инвестиция мәселесін талқылады

Абдрахманов Мағжан
13 тамыз 2026, 09:52
АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Қазақстанға келіп, инвестиция мәселесін талқылады Сурет авторы: ҚР Сыртқы істер министрлігі

Астанада Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капурмен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.

Ведомство мәліметінше, Капур Қазақстан мен АҚШ арасында энергетика, маңызды минералдар, озық технологиялар, цифрландыру, көлік және инвестиция салаларындағы байланысты кеңейтуге елеулі мүмкіндік бар екенін атап өткен.

Кездесуде су мәселесі де сөз болды. Тараптар Қазақстанның жаһандық су ресурстарын басқару жүйесін нығайту жөніндегі бастамасын, соның ішінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысын талқылады.

Сапар барысында Капур Алматыда Almaty Invest өкілдерімен де кездесті. Ол X желісіндегі парақшасында қалаға шетелдік инвестиция тарту тәсілдерімен танысқанын хабарлады.

АҚШ өкілінің айтуынша, Вашингтон америкалық компаниялардың Алматыдағы жобаларға инвестиция салу мүмкіндіктерін, сондай-ақ Алматы кәсіпкерлерінің АҚШ нарығына инвестиция құю жолдарын қолдайды.

Соңғы жаңалықтар