$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

АҚШ-қа жол ашатын лотереяға қатысу енді тегін емес

Абдрахманов Мағжан
17 қыркүйек 2025 16:36 436
АҚШ-қа жол ашатын лотереяға қатысу енді тегін емес Сурет авторы: shutterstock

2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Диверсификация визасы (DV Lottery) немесе «Green Card» лотереясына қатысу үшін бір доллар төлеу керек болады. Бұл жөнінде АҚШ Мемлекеттік департаменті жариялады. Бұл – лотерея тарихында алғаш рет енгізіліп отырған талап.

Ведомствоның түсіндіруінше, өзгерістің мақсаты – DV лотереясын ұйымдастыру шығындарын жеңімпаз атанған аз ғана үміткердің емес, барлық қатысушының арасында әділ бөлу. Жаңа тәртіп 2027 жылғы DV лотереясына тіркелу кезінде күшіне енеді.

Негізгі өзгерістер:

  • $1 тіркелу төлемі: әрбір қатысушы электронды өтінім берген кезде 1 доллар төлейді. Бұл төлем ресми портал арқылы жүзеге асады.

  • DV өтінім төлемі өзгермейді: лотереяда жеңімпаз болып шыққандар АҚШ визасына ресми өтінім тапсыру кезінде бұрынғыдай $330 DV өтінім төлемін төлейді. Бұрын осы төлемнің ішінде болған кейбір әкімшілік шығындар енді тіркелу төлемі арқылы өтелмек.

  • Ақша қайтарылмайды: тіркелу төлемі нәтижеге қарамастан қайтарылмайды және келесі жылға ауыстырылмайды.

DV лотереясы жыл сайын АҚШ-қа аз қоныс аударатын елдерден 55 мыңға жуық виза бөледі. Соңғы жылдары қатысушылар саны ондаған миллионға жетіп, бұл мемлекеттік шығындарды арттырған.

Мемлекеттік департаменттің есебінше, жаңа жүйе шамамен 25 миллион қатысушыдан түсетін қаржы есебінен жылына 25 млн доллар қосымша кіріс әкелмек. Бұл қаражат жүйені жаңғыртуға, деректерді қорғауға және қауіпсіздік тексерістеріне жұмсалады.

Сонымен қатар төлем көптеп жалған өтінім жіберетін алаяқтардың санын азайтуға көмектесуі мүмкін екені айтылды.

Алайда сарапшылардың пікірінше, төлемнің енгізілуі кейбір дамушы елдердің азаматтарына қосымша кедергі тудыруы ықтимал. Электронды төлем жүйесіне қол жеткізе алмау немесе валюта айырбастау қиындықтары көптеген адамдардың қатысу мүмкіндігін шектеуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар