АҚШ Мемлекеттік департаменті Diversity Visa бағдарламасына, яғни грин-карта лотереясына өтініш беру ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілгенін хабарлады.
Жаңа талаптарға сәйкес, енді лотереяға қатысу үшін жарамды мерзімі өтпеген шетелдік төлқұжат болуы міндетті. Сондай-ақ өтініштің электронды формасына құжат иесінің жеке деректері мен қолы көрсетілген беттердің скан-көшірмесін жүктеу қажет.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл өзгерістер консулдық қызметкерлерге арналған нұсқаулықтарды жеңілдету мақсатында енгізілгенін мәлімдеді. Өзгерістер техникалық талаптармен қатар сауалнамадағы терминологияға да қатысты.
Мысалы, анкетаға енгізілген «гендер» деген баған нақты «жыныс» ұғымымен ауыстырылады. Ал бұрын «жасы» деп көрсетілген бөлімде енді өтініш берушінің туған күні сұралады.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, бұл шаралар алаяқтықпен күресу және иммиграциялық бағдарламаның ашықтығын арттыру үшін қажет.
Ведомство дерегіне сәйкес, Diversity Visa бағдарламасына жыл сайын миллиондаған жалған өтініш түседі. Кейбір өтінішті үшінші тұлғалар, соның ішінде қылмыстық топтар адамдардың келісімінсіз олардың атынан жолдайды.
Мысалы, Diversity Visa-2025 бағдарламасы аясында 2,5 миллион алаяқтық өтініш анықталған.
Жаңа ережелер 2026 жылғы 10 сәуірден бастап күшіне енеді.