$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Әкесін аяусыз соққыға жыққан ер адамға үкім шықты

Абдрахманов Мағжан
16 қаңтар 2026, 12:42
Әкесін аяусыз соққыға жыққан ер адамға үкім шықты Сурет авторы: видеодан кадр

Шардара ауданы Қоссейіт ауылында туған әкесін аяусыз соққыға жыққан Алмас Садақбаевқа қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен ол 5 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейтін болды.

Еске салайық, бұған дейін ер адамның туған әкесіне күш қолданып жатқан сәті бейнеленген видео әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда үлкен наразылық туғызған еді. Кейіннен зардап шеккен әкесінің қайтыс болғаны белгілі болып, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Сот отырысында Алмас Садақбаевтың Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағы және 110-бабының 3-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі екені дәлелденді. Судьяның үкімімен оған 107-бап бойынша 1 жыл 6 ай, ал 110-бап бойынша 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес, жазаларды ішінара қосу арқылы Садақбаевқа түпкілікті 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Үкімде жаза мерзімі 2025 жылғы 6 қыркүйектен бастап есептелетіні көрсетілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар