$ 468.88 € 534.1 ₽ 6.04

Air Astana Дубайға қайта ұша бастайды

Абдрахманов Мағжан
14 шілде 2026, 10:53
Air Astana Дубайға қайта ұша бастайды Сурет авторы: Air Astana

Air Astana әуе компаниясы 15 шілдеден бастап Астана мен Алматыдан Дубайға тұрақты рейстерді қайта орындай бастайды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

«Әуе компаниясы өңірдегі жағдайды бақылап отыр. Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты ұшу кестесіне өзгеріс енгізілуі мүмкін. Қосымша өзгерістер болған жағдайда жолаушыларға хабар беріледі», – делінген мәлімдемеде.

Air Astana 12 шілдеде Біріккен Араб Әмірліктеріне әуе қатынасы уақытша тоқтатылғанын хабарлаған. Компанияның ресми парақшасында сол күні Алматыдан Дубайға ұшуы тиіс KC897 рейсінің тоқтатылғаны көрсетілген.

Биыл ақпаннан бері АҚШ, Израиль және Иран арасындағы әскери қимылдарға байланысты Дубай бағытындағы рейстер бірнеше рет кейінге шегеріліп, тоқтатылды.

Әуе компаниясы Алматыдан Дубайға тұрақты рейстерді 20 маусымда, ал Астанадан 10 шілдеде қайта бастаған еді. Иранның әуе кеңістігі жабық болғандықтан, ұшақтар Пәкістан аумағы арқылы қатынап жүр.

Соңғы жаңалықтар