$ 487.44 € 567.38 ₽ 6.62

Air Astana Дубайға қатынайтын рейстерді қайта бастайды

Редакция
05 маусым 2026, 15:09
Air Astana Дубайға қатынайтын рейстерді қайта бастайды Сурет авторы: sputnik.kz

Air Astana авиакомпаниясы Алматы мен Астана қалаларынан Дубайға (БАӘ) бағытталған тұрақты халықаралық рейстерді қайта жандандыруды жоспарлап отыр. Ресми мәліметке сәйкес, Алматыдан ұшу бағыттары 20 маусымнан бастап, ал елордадан 10 шілдеден бастап қалпына келтірілмек.

Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайға және Иранның әуе кеңістігінің жабылуына байланысты авиакомпания ұшу қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жаңа маршрут әзірледі. Енді ұшақтар Дубайға Пәкістан аумағы арқылы қатынайтын болады.

Алматы – Дубай бағыты бойынша:

 15–21 маусым аралығында: аптасына 2 рет (сенбі, жексенбі);

 22–28 маусым аралығында: аптасына 4 рет (бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі);

 29 маусым – 5 шілде аралығында: аптасына 6 рет (сейсенбіден басқа күндері);

 6 шілдеден бастап: күнделікті.

Астана – Дубай бағыты бойынша:

 10–19 шілде аралығында: аптасына 3 рет (жұма, сенбі, жексенбі);

 20–26 шілде аралығында: аптасына 4 рет (сейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі);

 27 шілде – 2 тамыз аралығында: аптасына 5 рет (дүйсенбі мен сәрсенбіден басқа күндері);

 3 тамыздан бастап: күнделікті.

Авиакомпания басшылығы бұған дейін рейстердің тоқтатылуына байланысты билеттерін 31 шілдеге дейінгі мерзімге шегерген жолаушыларға арнайы мүмкіндік ұсынып отыр. Олар өз сапарларын ешқандай қосымша төлемсіз (тегін) ертерек уақыттағы рейстерге қайта брондай алады. Бұл мүмкіндік Алматыдан ұшатындар үшін 20 маусымнан, ал Астана тұрғындары үшін 10 шілдеден бастап қолжетімді.

Air Astana өкілдері Таяу Шығыстағы ахуалды жіті қадағалап отырғанын және аймақтағы жағдай өзгерген жағдайда ұшу кестесіне қосымша түзетулер енгізілуі мүмкін екенін ескертті. Мұндай жағдайда жолаушылар алдын ала хабардар етіледі. Естеріңізге сала кетейік, аталған бағыттағы әуе қатынасы аймақтағы әскери шиеленістерге байланысты ақпан айынан бастап бірнеше рет кейінге шегеріліп, мамырдың соңына дейін толық тоқтатылған болатын.

Соңғы жаңалықтар