$ 487.44 € 567.38 ₽ 6.62

Ағзадағы «ұйықтап жатқан» қатерлі ісік: Ғалымдар ракты ерте анықтаудың құпиясын тапты

Редакция
05 маусым 2026, 12:46
Ағзадағы «ұйықтап жатқан» қатерлі ісік: Ғалымдар ракты ерте анықтаудың құпиясын тапты Сурет авторы: valeniahs.com

Халықаралық онкологтар тобы өкпедегі қауіпті өзгерістерді кәдімгі скринингтер ісікті анықтағанға дейін, бес жыл бұрын болжай алатын жаңа әдісті ойлап тапты. Зерттеу нәтижелері беделді Cell ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды Kursiv.kz.

Ғалымдар ағзадағы қатерлі ісік мутациялары ұзақ уақыт бойы белсенді болмай, тек темекі түтіні мен ауаның ластануы (көлік газ түтіндері) әсерінен оянатынын анықтаған. Зерттеу барысында мамандар жасанды интеллект технологиясын қолдана отырып, 48 мыңнан астам адамның қан плазмасындағы ақуыздарды талдады. Нәтижесінде болашақта өкпе онкологиясына шалдығуы мүмкін емделушілердің қанында 14 негізгі ақуыздың деңгейі алдын ала көтерілетіні белгілі болды.

Зерттеу жетекшісі Чарли Суонтонның мәлімдеуінше, бұл ақуыздар ісіктің өзінен емес, өкпедегі қабыну процестерінен пайда болады. Жаңалық медицинада қауіпті дерттің алдын алу шараларын уақытылы бастауға мүмкіндік бермек.

Бұл мәселе Қазақстан үшін де өзекті болып отыр. Елімізде қазіргі уақытта онкологиялық ауруларға күдігі бар азаматтар үшін тексеруден кезексіз өтуге мүмкіндік беретін «жасыл дәліз» жүйесі енгізілген. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде республика бойынша қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау көрсеткіші артып, емделушілердің аман қалу деңгейі едәуір жақсарған.

Соңғы жаңалықтар