$ 464.53 € 543.73 ₽ 6.15

АЭС құрылысының құны құпия сақталуы мүмкін

Абдрахманов Мағжан
05 мамыр 2026, 15:43
АЭС құрылысының құны құпия сақталуы мүмкін Сурет авторы: gov.kz

Қазақстанда атом электр станцияларын салу құны құпиялануы мүмкін. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жалпы энергетикалық жобалар бойынша ақпарат осы уақытқа дейін ашық жарияланып келген. Алайда АЭС сияқты ірі жобаларға қатысты кейбір деректі шектеу мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал.

Вице-министрдің сөзінше, мұндай шешім жобаның ауқымына және үкіметаралық келісімдердің жасалуына байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл мәселеге Атом энергиясы агенттігі нақты жауап беретінін атап өтті.

29 сәуірде Мәжіліс мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты құрылымдардың жұмысын жетілдіруге бағытталған заң жобасын қабылдады. Құжатта мемлекеттік құпияларды қорғау шараларын күшейту көзделген.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясын бекіткен. Құжатқа сәйкес, осы мерзімге дейін елде кемінде үш атом электр станциясы жұмыс істеуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар