$ 471.45 € 547.21 ₽ 6.63

Аэротаксиге кімдер және қашан міне алады?

Редакция
21 мамыр 2026, 15:39
Аэротаксиге кімдер және қашан міне алады? Сурет авторы: Казинформ

Қазақстанда әуе таксиі жолаушыларды тасымалдауды қашан бастайтыны туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет үйінде өткен брифингте мәлімдеді.

19 мамырда Алатау қаласында аэротаксидің алғашқы сынақтық ұшуы жүзеге асырылған болатын. Қанат Бозымбаевтың сөзіне сүйенсек, аталған инновациялық жобаны құқықтық тұрғыдан реттеу және іске асыру мақсатында Көлік министрлігі арнайы уақытша нормативтік ережелер әзірлеген.

Дегенмен қауіпсіздік талаптарына байланысты ағымдағы жылы ұшу аппараттары тек жолаушыларсыз, сынақ режимінде ғана жұмыс істейді.

«Биыл біз жыл бойы адамсыз ұшатын боламыз, өйткені бағыттар өте көп. Олар болашақта таулы кластермен, Алматының әуежайы және вокзалдарымен, Қонаевтағы су қоймасымен және басқа да нысандармен байланысады. Мұның бәрін ұшып өтіп, зерттеу керек. Төрт мезгіл бойы қандай биіктікте ұшу қажеттілігі мен климаттық ерекшеліктерді бақылау маңызды. Бұл — қауіпсіздік мәселесі, себебі жол бойында аэромагниттік өрістер мен жоғары вольтты желілер бар. Сондықтан биыл жолаушылар тасымалы күтілмейді», — деп нақтылады вице-премьер.

Мемлекеттік орган өкілі бұл технологияның Қытай Халық Республикасы мен АҚШ-та сәтті қолданылып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты, Қазақстан жобаны халықаралық стандарттарға сай жүзеге асыру үшін шетелдік білікті мамандарды тартуда.

Қанат Бозымбаевтың мәлімдеуінше, барлық техникалық және климаттық сынақтар сәтті аяқталған жағдайда, жолаушылардың қатысуымен өтетін алғашқы әуе сапарлары келесі жылы басталуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар