$ 503.44 € 593.35 ₽ 6.55

55 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінен шығарылды

Абдрахманов Мағжан
29 қаңтар 2026, 13:58
55 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінен шығарылды Сурет авторы: Коллаж: kursiv.media

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары бойынша кезекте тұрған азаматтардың мәліметтері қайта қаралып жатыр. Бұл туралы Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде тұрған 642 мың азаматтың 244 мыңының деректері инвентаризациядан өткен. Тексеру нәтижесінде 55 мыңнан астам адам кезектен шығарылған.

Анықталғандай, бұл азаматтардың бір бөлігіне жеке меншігінде пәтер тіркелген немесе жұбайымен ортақ меншікте тұрғын үйі бар екені белгілі болған. Осыған байланысты олар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу талаптарына сай келмеген.

Сонымен қатар Ләззат Ибрагимова тұрғын үйдің үлесі бар азаматтар кезекте қала алатынын атап өтті.

«Егер адамның баспанада тек үлесі ғана болса, мысалы, мұрагерлікпен қалған 1/7, 1/3 немесе жарты үлес, ол тұрғын үй кезегінде қала береді. Көп жағдайда азаматтар мұндай үлестің бар екенін өздері де білмеген», – деді банк басшысы.

Отбасы банк өкілдерінің айтуынша, деректерді нақтылау жұмыстары жалғасады. Бұл шара тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың әділ әрі ашық тәртіппен кезекке тұруын қамтамасыз етуге бағытталған.

Соңғы жаңалықтар