$ 464.86 € 544.03 ₽ 6.14

30 млн теңгеге дейін ұтылғандар бар: Шымкентте ірі онлайн-казино әшкереленді

Абдрахманов Мағжан
27 сәуір 2026, 09:41
30 млн теңгеге дейін ұтылғандар бар: Шымкентте ірі онлайн-казино әшкереленді Сурет авторы: pexels

Шымкент тұрғыны заңсыз онлайн-казино ұйымдастырды деген күдікпен сотқа тартылмақ, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі. Тергеу мәліметінше, қаржы айналымы 557 млн теңгеден асқан.

Күдікті техас холдем ойынына арналған мобильді қосымша арқылы тәулік бойы жұмыс істейтін жасырын клубтар ұйымдастырған. Vendetta және AMG600L деп аталған бұл клубтар Nomad желісіне кірген. Ойынға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары тартылған.

Қатысушылар шоттарын банк аударымдары арқылы толықтырып, виртуалды «фишка» алған. Ұтыс болған жағдайда қаражат қолма-қол шешіліп немесе картаға аударылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ұйымдастырушылар әр ойын үстелінен 3–5% көлемінде комиссия алып отырған. Сонымен қатар ойыншыларды ұстап тұру үшін оларға виртуалды қаражат қарызға берілген.

Агенттік дерегінше, кейбір ойыншының шығыны 30 млн теңгеге дейін жеткен. Қаржы ағындарын жасыру үшін «дропперлердің», соның ішінде шетел азаматтарының банк шоттары пайдаланылған.

Тінту барысында күдіктінің үйінен есірткі заты табылып, тәркіленген. Екі адам үйқамаққа алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Соңғы жаңалықтар