$ 469.59 € 536.22 ₽ 5.96

25 тамыздан бастап жүргізушілерге қойылатын жаңа талаптар күшіне енеді

Абдрахманов Мағжан
22 шілде 2026, 10:43
25 тамыздан бастап жүргізушілерге қойылатын жаңа талаптар күшіне енеді Сурет авторы: pexels

25 тамыздан бастап «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Ішкі істер министрлігі жаңа талаптардың жүргізушілерге қалай қолданылатынын түсіндірді.

Жаңа тәртіп бойынша 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын дәрігерлік тексерістен өтуге міндетті. Тексерістен өтпеген жағдайда олардың көлік жүргізу құқығы тоқтатылуы мүмкін.

Жол ережесін өрескел бұзған кейбір жүргізуші теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберіледі. Мұндай бұзушылықтарға жол қиылысынан өту кезінде апат қаупін туғызу, жылдамдықты бірнеше рет асыру, қауіпті маневр жасау, жолақ ауыстыру мен басып озу тәртібін бұзу, сондай-ақ көлік қозғалысына кедергі келтіретін немесе қауіп төндіретін жерге тоқтау жатады.

Жүргізуші қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде дәлелді себепсіз емтиханға келмесе, бұл да көлік жүргізу құқығынан айыруға негіз болады.

Сонымен қатар алкоголь, есірткі немесе уытқұмарлық әсеріндегі мас күйде көлік басқарғандарға жаза күшейтіледі. Жүргізуші жәбірленушімен татуласқан жағдайда да көлік жүргізу құқығынан сегіз жылға айырылады.

Соңғы жаңалықтар