$ 441.77 € 502.38 ₽ 5.23

19 адам неге 17 болып қалды? Қорғаныс министрлігі екі матрос туралы түсінік берді

Абдрахманов Мағжан
28 қыркүйек 2026, 09:22
19 адам неге 17 болып қалды? Қорғаныс министрлігі екі матрос туралы түсінік берді Сурет авторы: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. туралы тараған ақпаратқа түсінік берді. Ведомствоның мәліметінше, екі әскери қызметші де Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде жағалауда болған және қазір әскери бөлімде қызметін жалғастырып жүр.

Министрлік Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде жеке құрамның бір бөлігі жағалауда тиісті тапсырмаларды орындағанын хабарлады. Ахметов пен Мағауия да сол топтың құрамында болған.

«Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр», – делінген министрлік хабарламасында.

Бұл мәселе Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін ресми мәліметтердегі адам санына қатысты сұрақтар туындаған тұста көтерілді. 24 қыркүйекте жарияланған алғашқы ресми мәліметте ауа райының күрт бұзылуы салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткені айтылған. Сол кезде тоғыз адамның қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін Үкіметтік комиссия мәліметті нақтылап, теңізге кеткен әскери қызметшілер саны 17 адам екенін хабарлады. Оның 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылған, тағы екі адам іздестіріліп жатқан.

25 қыркүйекте із-түзсіз жоғалған соңғы екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осылайша, ресми қорытынды мәлімет бойынша теңізге кеткен 17 адамның үшеуі аман қалып, 14-і қаза тапты.

Қорғаныс министрлігінің жаңа мәлімдемесінде Ахметов пен Мағауияның теңізге кеткен топта болмағаны айтылғанымен, олардың алғашқы хабарламадағы 19 адамның есебіне кірген-кірмегені және 19 санының кейін неліктен 17-ге өзгергені тікелей түсіндірілмеген.

Ведомство азаматтарды тексерілмеген және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға, Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенуге шақырды.

Соңғы жаңалықтар