$ 465.74 € 537.23 ₽ 5.62

15 млн қазақстандықтың дерегі тарап кетті деген ақпарат шықты: министрлік тексеріс бастады

Абдрахманов Мағжан
12 тамыз 2026, 13:17
15 млн қазақстандықтың дерегі тарап кетті деген ақпарат шықты: министрлік тексеріс бастады Сурет авторы: BES.media

Даркнетте 15 млн қазақстандықтың жеке деректері сатылымға қойылғаны туралы ақпарат тарады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәліметтердің таралуы мүмкін екенін тексеріп жатыр, алайда eGov жүйесінің бұзылғаны расталмағанын мәлімдеді.

Министрліктің хабарлауынша, қазір тиісті қызметтермен бірлесіп жарияланған деректердің үлгілері зерттеліп, олардың қайдан алынуы мүмкін екені анықталып жатыр.

«Электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелері бұзылып, аталған деректер қоры тікелей eGov-тан алынғанын растайтын мәлімет жоқ», – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство жарияланған мәліметтердің бір бөлігі электрондық үкімет жүйесіндегі деректердің құрылымы мен пішіміне сәйкес келмейтінін атап өтті. Мәселен, eGov-та төлқұжаттардың жарияланымда көрсетілген үлгідегі көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың пішімі басқа.

Бұған дейін Mash Telegram арнасы белгісіз адамның даркнетте 15 млн Қазақстан тұрғынының деректер қорын сатылымға қойғанын хабарлаған. Сатушы бұл мәліметтерді eGov жүйесін бұзу арқылы алғанын мәлімдеген және деректер қорын шамамен 32 мың долларға бағалаған.

Министрлік даркнеттегі сатушының мұндай мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын дәлелдемейтінін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар