$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

124 млрд теңге шығын қаупі: Мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруға жаңа шектеулер енгізілді

Абдрахманов Мағжан
23 шілде 2025 10:58 229
124 млрд теңге шығын қаупі: Мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруға жаңа шектеулер енгізілді Сурет авторы: kursiv.media/ Милош Муратовский

Қазақстанда мемлекеттік бағалы қағаздардың шығарылуын реттеуге қатысты жаңа шаралар қабылданды. Бұл шешімдер Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасынан кейін жүзеге асты. Мақсат – мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану мен қарыз алуды бақылауды күшейту.

2024 жылғы желтоқсанда Қаржы министрлігіне қарасты Қазынашылық комитетіне мемлекеттік аудит жүргізілген. Тексеру нәтижесінде 2021–2023 жылдар аралығындағы кейбір айларда эмиссиялық бағалы қағаздар жоспарланған көлемнен артық шығарылғаны белгілі болды. Бұл әрекет республикалық бюджеттің бақылау шотында қаражат болады деген болжамға сүйеніп жасалған.

Алайда бұл болжам нақты расталмағандықтан, бюджетке 124 млрд теңгеден астам ықтимал шығын келтіруі мүмкін болған. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Қаржы министрлігіне мемлекеттік бағалы қағаздармен жұмыс істеу ережелеріне өзгеріс енгізуді тапсырды.

Нәтижесінде, 2025 жылғы 30 мамырда Қаржы министрінің бұйрығымен тиісті өзгерістер қабылданды. Енді болашақтағы бюджет қалдықтары оң болжанған жағдайда, ішкі нарықта мемлекеттік бағалы қағаздарды негізсіз шығару шектеледі.

Жоғары аудиторлық палата өзге де ұсынымдар мен тапсырмалардың толық орындалуын бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар