SDU University мен KIMEP University бірлесіп 12-халықаралық білім конференциясын ұйымдастырды

Редакция
16 октября 2026, 11:41
SDU University мен KIMEP University бірлесіп 12-халықаралық білім конференциясын ұйымдастырды Автор фото: SDU

15 қазанда SDU University-де ICBCB 2026 атты 12-халықаралық конференцияның негізгі күні өтті. Басқосудың тақырыбы — «Цифрландыру және оқытуды трансформациялау дәуіріндегі білім берудің болашағы». Іс-шараны SDU University KIMEP University-мен серіктестікте ұйымдастырды.

Конференция әр елден келген зерттеушілерді, оқытушыларды және сарапшыларды бір алаңға жинады. Қатысушылар білім берудегі өзекті мәселелерді талқылап, ғылыми нәтижелермен бөлісіп, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды. Конференцияға Ұлыбритания мен Канаданың және өзге де елдердің жетекші университеттерінен ғалымдар қатысты. Солардың арасында Оксфорд университеті, Калгари университеті, Сент-Эндрюс университеті және Лондон университеттік колледжі өкілдері болды.

Конференция алдын ала жоспарланған бірнеше кезеңнен тұрды. 9 қазанда онлайн сессия өтті. 14 қазанда ELIPro аясында тіл, көптілділік және білім беру саясаты туралы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Негізгі бөлім 15 қазанда SDU University-де басталып, 16 қазанда KIMEP University-де жалғасты.

Негізгі бағдарламаның алғашқы күні халықаралық ғалымдардың пленарлық баяндамаларымен және тақырыптық секциялармен ашылды. Профессор Қарлығаш Дюссупбаева қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуда жеке мотивацияның және сөйлеу дағдысын дамытудың қаншалықты маңызды екені туралы зерттеуін таныстырды. Профессор Heath Rose ағылшын тілінде жүргізілетін оқытудың тілді де, пәнді де игеруге қалай әсер ететінін талдады. Профессор Andrew Peterson азаматтық құндылықтарды қалыптастыру тақырыбына тоқталды.

SDU University-дің бірінші проректоры Давронжон Гаипов конференцияның көптілді білім беруді дамытуға және халықаралық байланыстарды нығайтуға маңызды екенін атап өтті. Ол ғылым мен білімді бейбіт өмірге, өзара құрметке және түрлі мәдениеттерді түсінуге апаратын жол деп сипаттады. Гаиповтың айтуынша, мұндай басқосулар магистранттар мен докторанттарға және ғалымдарға тәжірибе алмасуға, білім берудегі өзекті мәселелердің шешімін бірге іздеуге мүмкіндік береді.

Мінез-құлық және азаматтық тәрбие саласының профессоры, Jubilee Centre for Character and Virtues орталығы директорының орынбасары Andrew Peterson да осындай алаңдардың рөлін атап өтті. Оның пікірінше, олар әртүрлі ғылыми бағыттың өкілдерін жақындастырып, идея алмасуға жағдай жасайды.

Қатысушылар жасанды интеллектіге, білім берудегі цифрлық трансформацияға, STEM тәсілдеріне, инклюзивті оқытуға, көптілділікке және тіл саясатына көбірек назар аударды. Сонымен қатар білім берудің болашағы, жасанды интеллектіні оқу процесінде қолдану және оқытудың заманауи әдістері сөз болды. Параллель секцияларда зерттеушілер өз жұмыстарын таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті.

Ұйымдастырушылардың бағалауынша, конференция халықаралық академиялық байланыстарды күшейтуге, зерттеу нәтижелерін көпшілікке таныстыруға және жаңа кәсіби танысулар орнатуға мүмкіндік берді. 16 қазанда бағдарлама KIMEP University-де жалғасып, қатысушылар білім беруді дамытуға қатысты жаңа зерттеулер мен заманауи тәсілдерді талқылады.

 

Последние новости