$ 467.65 € 533.26 ₽ 5.96

ҰҚК Батыс Қазақстан университеті ректорына қатысты тергеуді растады

Абдрахманов Мағжан
23 шілде 2026, 14:46
ҰҚК Батыс Қазақстан университеті ректорына қатысты тергеуді растады Сурет авторы: wku.edu.kz

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті informburo.kz сауалына берген жауабында растады.

ҰҚК істің Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша тергеліп жатқанын нақтыламады. Комитет өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайтынын хабарлады.

«Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК жауабында.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжан Нұрлан Серғалиевтің қызметтік өкілетін теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, ректордың жұмыс орнында тінту жүргізілген.

Құқық қорғау органдары күдіктің мән-жайы мен тергеу барысы туралы әзірге толық ақпарат таратқан жоқ. Кінәлілік туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар