$ 477.11 € 545.58 ₽ 6.2

Тарихи сенсация: Нұрордалық Нұргүл – физикадан алтын алған алғашқы қазақ қызы

Редакция
13 шілде 2026, 09:15
Тарихи сенсация: Нұрордалық Нұргүл – физикадан алтын алған алғашқы қазақ қызы Сурет авторы: Нұрорда

«NURORDA» мектеп-лицейінің оқушысы Нұргүл Егембергенова тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, арнайы сертификат алған, әлемдегі №1 жоғары оқу орны – Массачусетс технологиялық институтына оқуға қабылданған дарынды түлек енді Қазақстан тарихына халықаралық физика олимпиадасының алтын жүлдегері ретінде енді.

Нұргүл Егембергенова International Physics Olympiad (IPhO) халықаралық олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, аталған беделді жарыста алтын алған алғаш қазақ қызы атанды.

Биыл Қазақстан құрамасы физика пәні бойынша әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі саналатын IPhO олимпиадасында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Ұлттық құраманың барлық бес мүшесі де алтын медаль жеңіп алып, ел тарихындағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Нұргүл Егембергенова әлемдегі ең беделді университеттердің бірі ғана емес, білім беру рейтингтерінде көш бастап тұрған Массачусетс технологиялық институтына (MIT) оқуға қабылданған болатын. Биыл бұл университетке 29 мыңнан астам талапкердің тек 4–5%-ы ғана қабылданса, халықаралық талапкерлер үшін қабылдау көрсеткіші шамамен 2%-ды құрады.

Сонымен қатар Нұргүл әлемнің ТОП-100 қатарына кіретін тағы бес жетекші университетінен шақырту алған. Олардың қатарында University of British Columbia (Канада), Hong Kong University of Science and Technology (Гонконг), École Polytechnique (Франция), KAIST (Оңтүстік Корея) және University of Warwick (Ұлыбритания) бар.

Нұргүлдің білім мен ғылым саласындағы жетістіктері мемлекет деңгейінде де жоғары бағаланды. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қабылдауында болып, Мемлекет басшысының қолынан арнайы сертификат алған.

Соңғы жаңалықтар