$ 464.77 € 541.36 ₽ 5.41

ШҚО-да жоғары оқу орнына түскен түлектер саны артты

Редакция
28 тамыз 2026, 16:43
ШҚО-да жоғары оқу орнына түскен түлектер саны артты Сурет авторы: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысында жоғары оқу орындарына түскен мектеп түлектерінің үлесі бір жылда 55%-дан 61%-ға дейін өсті. Өңірде маман тапшылығын азайту мақсатында жергілікті бюджеттен жыл сайын 270 білім гранты бөлініп келеді.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы ұстаздарының «Адам капиталы, білім, прогресс – халықтық конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбында өткен Тамыз кеңесінде айтылды. Жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Облыс әкімінің айтуынша, түлектердің жоғары білім алуға ұмтылысының артуы оқушылардың дайындық деңгейі мен білім сапасындағы оң өзгерістерді көрсетеді. Дегенмен өңір үшін жастардың жоғары оқу орнына түсу көрсеткішін арттырумен қатар, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау да маңызды.

«Алайда біз үшін сапалы білім беруді қамтамасыз етумен бірге, өңір экономикасына қажетті, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау да маңызды. Осы мақсатта «Білікті маман» өңірлік жобасы жүзеге асырылуда. Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен 270 білім беру гранты бөлінеді. Оның шамамен 30%-ы педагогикалық мамандықтарға бағытталады. Жобаны іске асыру нәтижесінде педагогикалық бағыттар бойынша кадр тапшылығы 46%-ға, техникалық бағыттар бойынша 41%-ға, медициналық бағыттар бойынша 32%-ға қысқарды», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Өңірде жаңа мектептер салынып жатыр

Тамыз кеңесінде жаңа оқу жылына дайындық пен білім беру инфрақұрылымын дамыту мәселесі де қаралды.

Самар ауданындағы Самар ауылында және Марқакөл ауданындағы Қайнарлы ауылында жалпы сыйымдылығы 200 орын болатын екі мектептің құрылысы аяқталды. Ал жаңа оқу жылына дейін Риддер қаласында «Қазцинк» ЖШС қолдауымен салынған 600 орындық жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған.

Бұдан бөлек, Зайсан, Марқакөл және Күршім аудандарында тағы төрт білім беру нысаны салынып жатыр. Олардың жалпы сыйымдылығы – 350 орын.

Нұрымбет Сақтағанов Тамыз кеңесі өткен оқу жылындағы жұмысты қорытындылап қана қоймай, алдағы кезеңнің міндеттерін айқындайтын маңызды алаң екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесінің алдына маңызды міндеттер қойып отыр. Олар – білім сапасын қамтамасыз ету және әр баланың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау. Біздің облыс деңгейіндегі басты мақсатымыз – осы міндеттердің іске асырылуын қамтамасыз ету және тұрғылықты жеріне қарамастан барлық балаға тең мүмкіндік жасау. Биыл да мектеп инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жалғастырудамыз», – деді облыс әкімі.

ШҚО мектептеріне жасанды интеллект енгізіледі

Өңірдегі 347 мектептің барлығы интернет желісіне қосылған. Енді облыс билігі білім беру ұйымдарындағы цифрлық ортаның сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға басымдық бермек.

Өткен жылы алты мектепте киберқауіпсіздікке арналған пилоттық жоба жүзеге асырылып, оның тиімділігі бағаланған. Алдағы уақытта осы тәжірибені облыстың барлық мектебіне енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану көзделген. Жаңа технологиялар педагогтер мен оқушылардың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге де бағытталады.

Тамыз кеңесі басталар алдында инновациялық жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Онда білім беру саласын цифрландыруға арналған бірнеше шешім таныстырылды. Олардың қатарында мектептерге жасанды интеллекттің кешенді жүйесін енгізу, білім беру ұйымдарындағы процестерді автоматтандыру, оқу процесін цифрлық трансформациялау және мұғалім, оқушы мен мектеп арасындағы өзара байланысты жетілдіруге арналған платформалар бар.

Білім саласының үздіктері марапатталды

Кеңес аясында өңірдің білім беру саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматқа мемлекеттік және салалық наградалар табысталды.

Ұстаздар мен білім саласының қызметкерлері «Құрмет» орденімен, «Ағарту ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ «Үздік орта білім беру ұйымы – 2026» грантының сертификаттары мен өңірлік наградалар табысталды.

Облыс басшылығы алдағы оқу жылында білім сапасын арттыру, мектеп инфрақұрылымын жаңарту, цифрлық қауіпсіздікті күшейту және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау бағытындағы жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар