$ 471.77 € 547.25 ₽ 6.6

«Сен, бірақ тексер»: Аймағамбетов ҰБТ-да жоғары балл жинаған түлектердің көбейгеніне қатысты пікір білдірді

Абдрахманов Мағжан
20 мамыр 2026, 14:42
«Сен, бірақ тексер»: Аймағамбетов ҰБТ-да жоғары балл жинаған түлектердің көбейгеніне қатысты пікір білдірді Сурет авторы: gov.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ҰБТ-да максималды балл жинаған түлектер санының артуына қатысты пікір білдірді. Ол бұл туралы Парламент кулуарында айтты.

Депутаттың айтуынша, бұрын мұндай жоғары нәтижелерге қатысты міндетті түрде қосымша талдау жүргізілетін. Ол бұл тәжірибені қайта қарастыру қажет екенін жеткізді.

«Академиялық адалдықты қамтамасыз ету өте маңызды. Мен балалардың біліміне күмән келтіргім келмейді, бұл – олардың, ата-аналары мен мұғалімдерінің еңбегі. Бірақ тексеру де қажет», – деді Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол жоғары балл жинаған оқушыларға кейбір білім беру орталықтарының қымбат сыйлықтар беру тәжірибесіне тоқталды. Оның пікірінше, мұндай әрекеттер маркетингтік мақсатта жасалады.

Аймағамбетов жоғары нәтиже ең алдымен оқушылар мен мұғалімдердің еңбегінің жемісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай көрсеткішке қысқа мерзімде жету мүмкін емес.

Бұған дейін Тараз қаласының түлегі ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған. Оны дайындаған білім беру орталығы талапкерге пәтер, автокөлік немесе 50 млн теңге көлемінде сыйақы ұсынған.

Соңғы жаңалықтар