$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

Саясат Нұрбек ҚБТУ-ды мемлекетке қайтаруға қатысты пікір білдірді

Редакция
11 наурыз 2025 04:47 3038
Саясат Нұрбек ҚБТУ-ды мемлекетке қайтаруға қатысты пікір білдірді Сурет авторы: ҚБТУ

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан-Британ техникалық университетін мемлекет меншігіне беру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Министр бұл мәселе сот шешімімен реттелетінін атап өтті.

"Менің білуімше, бірінші және екінші сот инстанциялары өтті. Қазір кассациялық шағым беру процедурасы қалды. Оны Жоғарғы сот шешеді. Бізге тек шешімді күту ғана қалды. Мен бұл мәселеге қатысты пікір білдіре алмаймын, себебі барлығы заң аясында шешіліп жатыр. Әзірге біздің министрліктің бұл іске қатысы жоқ," – деді министр үкіметтегі брифингте.

27 ақпанда Қаржы министрлігінің қаржылық есеп реестрінде ҚБТУ-дың 100% акциясының иесі ретінде қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания көрсетілді.

Акционерлік құрамдағы бұл өзгеріс Алматы қаласының Бостандық аудандық сотының орындау қаулысы негізінде жүзеге асқан.

Айта кетейік, ҚБТУ бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қорының меншігінде болған. Қор акцияларға иелік ету құқығын қалпына келтіру үшін сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар