$ 471.77 € 547.25 ₽ 6.6

Оқу жылы аяқталуға жақын: Мектеп бітіруші түлектерге не істеуге тыйым салынған

Редакция
20 мамыр 2026, 09:52
Оқу жылы аяқталуға жақын: Мектеп бітіруші түлектерге не істеуге тыйым салынған Сурет авторы: asia24.media

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен құзырлы органдар бірлесіп, 2025-2026 оқу жылының аяқталуына байланысты мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыру тәртібін жариялады. Биылғы ережелер бойынша түлектердің қауіпсіздігі мен қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар қатаң шектеулер енгізіліп отыр.

Министрліктің ресми мәлімдемесіне сәйкес, мектеп бітіру салтанаттарын білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде өткізуге рұқсат етілмейді. Нақтырақ айтқанда, іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс орындарында және табиғат аясында ұйымдастыруға үзілді-кесілді тыйым салынады. Түлектерге аттестаттар мен дипломдарды тапсыру рәсімдері тек қана оқу орындарының қабырғасында өтеді.

Сонымен қатар ведомство мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге арнап ата-аналардан қаражат жинауға және қымбат сыйлықтар талап етуге заң жүзінде тыйым салынғанын ескертті.

«Бірлескен бұйрық білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік пен қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, сондай-ақ мектеп қабырғасында «Заң және тәртіп» идеологиясын нығайтуға бағытталған», — деп нақтылады Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері.

Ресми мәлімет бойынша, биыл елімізде жалпы саны 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтайды. Оның ішінде 11-сыныпты бітіруші түлектердің саны 215 мыңнан асады. Бүгінгі таңда 18 мыңнан астам 11-сынып оқушысы және 31 мыңнан астам 9-сынып оқушысы үздік үлгідегі аттестаттан үміткер болып отыр.

Ағымдағы жылдың 25 мамырында Қазақстанның барлық мектептерінде «Білімім — Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Бұл шара аясында оқу жылы қорытындыланып, оқушыларға жазғы кезеңде оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі табысталатын болады.

Соңғы жаңалықтар