$ 461.26 € 542.58 ₽ 6.18

Негізгі ҰБТ басталды: Биыл талапкерлер қай пәндерді жиі таңдады?

Абдрахманов Мағжан
10 мамыр 2026, 12:46
Негізгі ҰБТ басталды: Биыл талапкерлер қай пәндерді жиі таңдады? Сурет авторы: Ұлттық тестілеу орталығы

Қазақстанда 2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды, ол 10 шілдеге дейін жалғасады. Биыл тестілеуге қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер өтініш білдірген, деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжановтың мәліметінше, алғашқы күні республика бойынша 926 адам емтихан тапсырып жатыр. Талапкерлердің 74%-ы тестілеуден қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, ал 851 адам ағылшын тілінде өтуге ниет білдірген. Ең көп таңдалған пәндер комбинациясы ретінде «Математика – Физика» (17,9%) және «Биология – Химия» (14,5%) көш бастап тұр.

2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер үш міндетті және екі таңдау пәні бойынша барлығы 140 балл жинай алады. Емтихан уақыты 4 сағатты құрайды, ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі.

Биылғы оқу жылында шекті балл деңгейі де сақталды: ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа ЖОО-ларға 50 балл жинау қажет. Педагогика және құқық бағыттары бойынша шекті деңгей 75 балды құраса, денсаулық сақтау саласына 70 балдан кем емес көрсеткіш қажет. Бұл ретте әрбір жоғары оқу орны білім беру бағдарламаларына сәйкес өз шекті балдарын белгілеуге құқылы.

Соңғы жаңалықтар