$ 469.93 € 541.64 ₽ 5.71

Мемлекеттік грантқа түспеген талапкерлер қалай тегін оқи алады

Абдрахманов Мағжан
08 тамыз 2026, 20:00
Мемлекеттік грантқа түспеген талапкерлер қалай тегін оқи алады Сурет авторы: Depositphotos

Қазақстандағы жоғары оқу орындары 2026 жылы талапкерлерге 2 мыңнан астам өз білім грантын ұсынып отыр. Бұған қоса университеттер оқу ақысына 100 пайызға дейін жеңілдік беріп, атаулы шәкіртақылар тағайындайды, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Әр оқу орны грант санын, құжат қабылдау мерзімін және іріктеу талаптарын өзі белгілейді. Үміткерлерді таңдағанда ҰБТ нәтижесі, оқу үлгерімі, «Алтын белгі», олимпиада мен байқаулардағы жетістіктері және әлеуметтік жағдайы ескеріледі.

Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Түркия 2026–2027 оқу жылына 500 білім квотасын бөлген. Құжаттар 10–15 тамыз аралығында қабылданады.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT олимпиадалары, жобалар мен байқаулардың жеңімпаздарына 125 ішкі грант бөлді. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде түрлі байқау жеңімпаздарына 94 грант қарастырылған.

Бірқатар оқу орны ректор грантын да ұсынады. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 19, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті 20, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті 12, Рудный индустриялық университеті 10 ректор грантын бөлген.

Кейбір университеттер мемлекеттік грант ала алмаған «Алтын белгі» иелерінің оқу ақысын толық өтеуге мүмкіндік береді. Мұндай қолдау үшін көбіне ҰБТ-дан кемінде 100 балл жинау және оқу барысында белгіленген үлгерім деңгейін сақтау талап етіледі.

Жекелеген оқу орындарында оқу ақысын толық өтейтін грантпен бірге ай сайын шәкіртақы да беріледі. Мәселен, Қарағанды индустриялық университетіндегі Нариман Ишмұхамедов атындағы грант оқу ақысын түгел өтеп, ай сайын 150 мың теңге шәкіртақы төлеуді қарастырады.

Министрлік талапкерлерге университеттердің ресми дереккөздері мен қабылдау комиссияларынан грант саны, құжат тапсыру мерзімі және іріктеу талаптарын алдын ала нақтылауға кеңес берді.

Соңғы жаңалықтар