$ 471.77 € 547.25 ₽ 6.6

«Кейбір оқушы суицидпен қорқытқан»: Аймағамбетов мектеп бітіру кешіне тыйым салуға қатысты пікір білдірді

Абдрахманов Мағжан
20 мамыр 2026, 10:42
«Кейбір оқушы суицидпен қорқытқан»: Аймағамбетов мектеп бітіру кешіне тыйым салуға қатысты пікір білдірді Сурет авторы: "AMANAT" партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп бітіру кешіне қойылатын шектеулерге қатысты пікір білдірді. Ол бұл туралы Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде айтты.

Депутаттың сөзінше, бұл мәселеде ата-аналардың пікірі екіге бөлінеді. Бірі түлектер кешін шектеуге қарсы болса, енді бірі қымбат шығындарға алаңдайды.

Аймағамбетов кейбір ата-аналар бір кешке 200 мыңнан 1 млн теңгеге дейін қаражат жұмсайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шығындар әлеуметтік теңсіздікке әкелуі мүмкін.

Депутат мәселені толық тыйым салу арқылы емес, реттеу арқылы шешуді ұсынды. Ол тыйым салынған жағдайда бақылаусыз шаралар көбейіп кетуі мүмкін екенін айтты.

Сонымен қатар ол жасөспірімдердің психологиялық жағдайына назар аудару қажеттігін жеткізді. Аймағамбетовтің айтуынша, кей жағдайда әлеуметтік қысым балалардың эмоционалдық күйіне кері әсер етуі мүмкін. Тіпті кей оқушы суицид жасайтынын айтып қорқытқан.

Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын мамыр-маусым айларында мектеп бітіру кештеріне қаражат жинау және олардың форматына қатысты дау туындайды. Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мектеп аумағында ақша жинауға, мейрамханаларда салтанатты кеш өткізуге және қымбат көліктер жалдауға тыйым салған. Соған қарамастан, ата-аналардың бастамасымен мектептен тыс жерлерде қымбат кештер ұйымдастыру тәжірибесі сақталып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар