$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Қазақстанда жеке мектептерге қойылатын талаптар қатаңдатылады

Абдрахманов Мағжан
19 қаңтар 2026, 16:24
Қазақстанда жеке мектептерге қойылатын талаптар қатаңдатылады Сурет авторы: Алматы әкімдігі

Қазақстанда жеке мектептерді ашу тәртібі өзгереді. Бұл туралы Алматы қаласында жеке мектептердің құрылтайшылары мен директорларының қатысуымен өткен кездесуде ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бұдан былай жеке мектептер тек нақты қажеттілік бар өңірлерде ғана ашылады. Лицензия үшауысымды мектептерді азайту, апатты жағдайда тұрған білім беру ұйымдарын алмастыру мақсатында мемлекеттік мектептер жетіспейтін аймақтарға ғана беріледі.

Сонымен қатар жеке мектеп құрылтайшыларының жауапкершілігі заңнамалық деңгейде күшейтіледі. Олар білім беру сапасына, педагогтердің кәсіби біліктілігіне және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық жауапты болады.

Сондай-ақ мектеп директорларын тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Енді директорлар бұрынғыдай құрылтайшылардың жеке шешімімен бекітілмейді. Бұл үдерісте салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімі міндетті түрде ескерілмек.

Қазіргі таңда елімізде лицензиясы бар 890 жеке мектеп жұмыс істейді, олардың 785-інің құжаттары толық цифрландырылған. Үкімет алдағы уақытта жаңадан ашылатын жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий жариялауды да жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар