$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Қазақстанда 40 мыңнан астам оқушының білімі халықаралық тестілеуде тексеріледі

Абдрахманов Мағжан
24 қараша 2025 09:31 326
Қазақстанда 40 мыңнан астам оқушының білімі халықаралық тестілеуде тексеріледі

Қазақстанда ОЭСР ұйымдастырған халықаралық “PISA for Schools” зерттеуі 2025 жылғы 24 қараша мен 5 желтоқсан аралығында өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Зерттеуге ел бойынша шамамен 1 000 білім беру ұйымы мен 40 мыңнан астам 15 жастағы оқушы қатысады. Бағалау үш бағытта жүргізіледі: оқу сауаттылығы, математикалық және жаратылыстану ғылымдары бойынша.

Бұл тестілеу әрбір мектептің білім беру сапасын халықаралық деңгейде бағалауға мүмкіндік береді.

«Зерттеу нәтижесінде әр оқу орнына жеке есеп беріледі. Бұл есеп мектептердің күшті және әлсіз тұстарын анықтап, білім сапасын арттырудың тиімді стратегияларын әзірлеуге көмектеседі», — деді Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Аширов.

PISA бағдарламасы – білім сапасын халықаралық деңгейде салыстыруға және оқушылардың алған білімін өмірлік жағдайларда қолдану қабілетін бағалауға бағытталған беделді зерттеу.

Соңғы жаңалықтар