$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

Елімізде негізгі ҰБТ басталды

Редакция
16 мамыр 2025 04:29 4454
Елімізде негізгі ҰБТ басталды Сурет авторы: ortcom.kz

Бүгін негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Тестілеу 7 шілдеге дейін жалғасады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Биыл талапкерлер тестілеуді екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жоғары нәтижесін ұсына алады. ҰБТ-ға 216 мыңға жуық талапкер өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мыңға артық. Екі мүмкіндікті есепке алғанда, өтініштер саны 399 мыңға жетті.

Тестілеуге қатысушылардың 75%-ы қазақ тілін, 25%-ы – орыс тілін, 266 адам – ағылшын тілін таңдаған.

Ең танымал пәндік комбинация – "Математика – Физика" (16,5%). Одан кейін "Биология – Химия" (15,6%) және "Математика – Информатика" (9,7%) тұр.

Емтихан 120 сұрақтан тұрады және 4 сағатқа созылады. Арнайы білім беру қажеттілігі бар қатысушыларға қосымша 40 минут беріледі.

Тәртіп бұзушылықтың алдын алу үшін кіреберісте металл детекторлар, аудиторияларда байланыс бөгейтін құрылғылар мен бейнебақылау жүйелері орнатылған. 31 қазанға дейін барлық бейнежазбалар сарапталады, ереже бұзылған жағдайда нәтижелер жойылады.

Тест нәтижелері апелляциядан кейін қатысушылардың жеке кабинеттеріне жүктеледі. Тест мазмұнына қатысты апелляцияны емтихан біткен соң 30 минут ішінде беруге болады.

Соңғы жаңалықтар