$ 540.78 € 618.65 ₽ 6.71

Елімізде Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталды

Редакция
13 қаңтар 2025 06:01 2839
Елімізде Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталды Сурет авторы: Оқу-ағарту министрлігі

Астанада 13-17 қаңтар аралығында математика, физика және информатика пәндерінен XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтуде. Олимпиаданы Республикалық физика-математика мектебі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырып отыр.  

Биылғы жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния, Сербия және Моңғолия сияқты 15 елден 700-ге жуық оқушы мен 150 жетекші қатысып жатыр. Қатысушылардың құрамы ұлттық пәндік олимпиадалардың қорытындысы бойынша анықталды.  

Олимпиада екі кезеңнен тұрады және бес күнге созылады. Тапсырмаларды халықаралық қазылар алқасы әзірледі. Қазылар алқасының төрағасы – белгілі қазақстандық ғалым-математик, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев.  

«Математика, физика және информатика пәндерінен оқушыларға арналған Халықаралық Жәутіков олимпиадасы елімізде 21-ші рет өткізіліп отыр. Биыл ол алғаш рет Астанада өтуде. Қатысушылар теориялық және практикалық кезеңдерде өз білімдерін Республикалық физика-математика мектебі мен Astana IT университетінің аудиторияларында сынайды», – деп мәлімдеді «Дарын» РҒПО директоры Ғажембек Тұрсынов.  

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге түрлі дәрежелі дипломдар, алтын, күміс және қола медальдар табысталады. Қатысушылардың барлығына қатысу сертификаттары мен естелік сыйлықтар беріледі.  

Халықаралық Жәутіков олимпиадасы алғаш рет 2005 жылы ұйымдастырылған. Шараның басты мақсаты – оқушылар арасында физика-математика ғылымдарын насихаттау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, мамандандырылған мектептер арасында достық қарым-қатынас орнату, тәжірибе алмасу және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемге таныту.  

Соңғы жаңалықтар