$ 479.02 € 551.11 ₽ 5.82

Депутат ЖОО-дағы бақылауды толық цифрландыруды ұсынды

Редакция
18 наурыз 2026, 15:36
Депутат ЖОО-дағы бақылауды толық цифрландыруды ұсынды

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мутәлі Премьер-Министр Олжас Бектеновке жоғары оқу орындарындағы білім сапасын бақылауды цифрландыру туралы депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары елдегі кейбір университеттер мен колледждерде студенттерді формалды түрде тіркеп, олардың оқу процесіне қатысуын нақты бақыламайтын жағдайлар көбейген. Соның салдарынан студенттер сабаққа қатыспаса да, оқу бағдарламасын толық меңгермесе де диплом алып шығуы мүмкін.

Мутәлі мұндай тәжірибе еңбек нарығына дайын емес мамандардың шығуына, соның ішінде жұмыссыздықтың артуына әсер етуі ықтимал екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл жағдай отандық жоғары оқу орындарының беделіне нұқсан келтіретінін айтты.

Оның сөзінше, мәселенің бар екені мемлекеттік бақылау нәтижелерімен де расталған. Соңғы жылдары 25 университеттің 60 лицензиялық қосымшасының тоқтатылуы саладағы жүйелі проблемаларды көрсетеді.

Депутат Мемлекет басшысының да білім беру жүйесінде қордаланған мәселелерге назар аударғанын еске салды. Атап айтқанда, кадр даярлау сапасының жаңа технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуына ілесе алмай отырғаны айтылған.

Осыған байланысты Әбутәліп Мутәлі білім сапасын бақылаудың дәстүрлі тәсілдері жеткіліксіз екенін айтып, емтихандар мен аттестацияны толық цифрландыруды ұсынды. Оның ішінде прокторинг жүйесін енгізу, студенттердің жеке басын цифрлық сәйкестендіру және нәтижелерді автоматты тіркеу қарастырылған.

Депутат Үкіметке:

  • жоғары білім стандарттарына цифрлық бақылау талаптарын енгізуді;

  • «мемлекеттік бірыңғай прокторинг жүйесін» құруды;

  • нақты мерзімдер мен жауаптылар көрсетілген жол картасын әзірлеуді ұсынды.

Оның пікірінше, мұндай шаралар білім беру жүйесіндегі ашықтықты арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады және мамандар даярлау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар