$ 486.2 € 557.82 ₽ 6

«Болашақ» стипендиясына құжат қабылдау басталды

Абдрахманов Мағжан
16 наурыз 2026, 17:12
«Болашақ» стипендиясына құжат қабылдау басталды Сурет авторы: bolashak.gov.kz

Қазақстанда 16 наурыздан бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша конкурсқа құжат қабылдау басталды. Өтінімдер 16 қазанға дейін қабылданады.

Құжаттарды eGov порталы арқылы немесе Халықаралық бағдарламалар орталығының кеңсесінде тапсыруға болады. Ал конкурстық іріктеу 13 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді.

Биыл бағдарламаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда:

  • халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының I–III орын иегерлері үшін «бакалавриат» санаты енгізілді;

  • атом саласына мамандар даярлау бағыты іске қосылды;

  • «Жасанды интеллект» бағыты бойынша кәсіби тағылымдамалар үшін жеке санат ашылды.

2026 жылға арналған бағдарлама бойынша барлығы 635 стипендия бөлінген:

  • бакалавриат – 20,

  • магистратура – 400,

  • докторантура – 50,

  • тағылымдамалар – 165.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың өтінімдері негізінде басым мамандықтар тізімі жасалған. Бағдарламаға әлемнің жетекші тар бейінді университеттері де қосылды.

Тағылымдамадан өте алатын мамандар санатына инженерлер, агроөнеркәсіп саласының қызметкерлері, атом саласының мамандары, жасанды интеллект жүйесін пайдаланушылар, педагогтер, медицина қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, журналистер, мәдениет, туризм және спорт саласының өкілдері, сондай-ақ судьялар мен сот қызметкерлері кіреді.

Ал «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша 2026 жылға 250 стипендия бөлінді.

Бағдарлама аясында мемлекет оқу ақысын, тағылымдаманы, әуе билеттерін, медициналық сақтандыруды, визалық алымдарды, оқу материалдарын және ай сайынғы шәкіртақыны толық қаржыландырады.

 

Соңғы жаңалықтар