$ 465.74 € 537.23 ₽ 5.62

1-сыныпқа құжат қабылдау аяқталуға жақын: Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға ескерту жасады

Редакция
12 тамыз 2026, 10:19
1-сыныпқа құжат қабылдау аяқталуға жақын: Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға ескерту жасады Сурет авторы: astanatv.kz

Қазақстанда мектеп жасындағы балаларды бірінші сыныпқа қабылдау науқаны мәресіне таяп қалды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде. Қазіргі таңда 320 мыңға жуық бала (болжамды көрсеткіштің 84%-ы) білім беру ұйымдарына заңды түрде тіркеліп үлгерді.

 Оқушылардың 296 мыңы мемлекеттік, ал 23 мыңға жуығы жекеменшік мектептерде білім алады. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық жерлерге 128 мыңнан астам бала тіркелді. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала білім беру ұйымдарына қабылданды.

Бірінші сыныпқа баратын балалардың 71%-дан астамы мемлекеттік тілде, 26%-дан астамы орыс тілінде, ал 2,5%-ға жуығы басқа тілдерде білім алуды таңдаған. Айта кетерлігі, өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы қазақ сыныптарына жазылған.

Бірінші сынып оқушыларының ең көп үлесі Түркістан (50 мыңнан астам) мен Алматы (35 мыңнан астам) облыстарына, сондай-ақ Астана (33 мың), Алматы (31 мыңнан астам) және Шымкент (29 мыңнан астам) қалаларына тиесілі.

Құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады. Ата-аналардың 84%-ға жуығы өтініштерді eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы электронды түрде жолдаған.

Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға соңғы мерзімді өткізіп алмай, құжаттарды уақытылы рәсімдеуге кеңес береді.

Соңғы жаңалықтар