$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Жаңа төселген жол бір жыл өтпей бұзылатыны рас па: ҚазАвтоЖол жауап берді

Абдрахманов Мағжан
21 қараша 2025 11:41 231
Жаңа төселген жол бір жыл өтпей бұзылатыны рас па: ҚазАвтоЖол жауап берді Сурет авторы: kolesa.kz

Қоғамда жиі айтылатын «салынған жол бір жыл өтпей бұзылады» деген пікірге «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі Сәкен Ділдахмет жауап берді.

«Бұл пікірмен келіспейміз. “ҚазАвтоЖол” компаниясы республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарды салып, оларды күтіп ұстаумен айналысады. Әр жол халықаралық стандарттарға сай салынады және оның пайдалану мерзімі мен күтіп ұстау кезеңі бар. Сондықтан бір жылда салынған жол келесі жылы бұзылады деу дұрыс емес», – деді Сәкен Ділдахмет.

Оның айтуынша, жол салу кезінде барлық техникалық және авторлық қадағалау талаптары қатаң сақталады. Мамандар жолдың әр қабатын: негізінен бастап асфальт-бетонның үстіңгі қабатына дейін бірнеше рет сынақтан өткізеді.

«Асфальт-бетонның сапасы мен беріктігі, климаттық жағдайға төзімділігі зертханалық жағдайда тексеріледі. Материалдың құрамындағы қиыршық тас пен бетонның сапасы да бақылаудан өтеді», — деді ол.

Сәкен Ділдахметтің айтуынша, бүгінде республикалық маңызы бар жолдардың сапасы айтарлықтай жақсарған, ал құрылыс пен жөндеу жұмыстары техникалық талаптарға сәйкес толық жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар