Ойдан іске: NU – ғылым мен шабыт түйіскен мекен

Назарбаев Университетінде «Ақылды болашақ: студенттік идеялардан әлемдік серпілістерге» атты медиа-тур ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жас зерттеушілер мен студенттер экология, энергетика, жасанды интеллект және ғарыш салаларындағы инновациялық жобаларын таныстырды.
Медиа-турды университеттің “Тұрақты даму офисі” ұйымдастырған. Бұл – “Sustainability Living Lab” бағдарламасы аясындағы алғашқы таныстырылымдардың бірі. Бағдарлама бүгінде Қазақстанның 12 жоғары оқу орнын қамтиды және жастардың тұрақты дамуға бағытталған нақты жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Жанна Төлегенқызы дәстүрлі ураннан анағұрлым қауіпсіз әрі тиімді балама – торий энергетикасы жобасын таныстырды. Жобаның ерекшелігі – торий элементінің қолжетімділігі, радиоактивті қалдықтардың аз болуы және әскери мақсатта пайдалануға келмейтіні. Бұл оны болашақта төмен көміртекті энергетика саласының басты бағытына айналдыруға мүмкіндік береді.
Зерттеушілер жасанды интеллект пен нанотехнологияларды біріктіре отырып, торий энергетикасын тек энергия көзі ретінде емес, ауруларды ерте диагностикалау мен экологиялық қауіпсіздікті арттырудың құралы ретінде де қолдануды көздеп отыр.
Сонымен қатар Назарбаев Университетінің студенттері кампусішілік көлік жүйесін жақсартуға бағытталған ерекше жоба – Bulan Bikes электровелосипедтерін таныстырды. Бұл көлік түрінің басты ерекшелігі – Nissan Leaf көлігінің қайта өңделген батареяларының қолданылуы.