$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

Мұғалімдерге күш жұмсағандарға да жазаны қатаңдату мәселесі қарастырылып жатыр

Абдрахманов Мағжан
24 шілде 2025 12:52 213
Мұғалімдерге күш жұмсағандарға да жазаны қатаңдату мәселесі қарастырылып жатыр Сурет авторы: tengrinews.kz

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мұғалімдерге шабуыл жасағандарға қатысты жазаны күшейту мәселесі Үкіметтің назарында екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Журналистің Денсаулық сақтау министрінен медицина қызметкерлеріне қатысты жаңа қылмыстық жауапкершілік нормалары жөнінде сұрағына жауап бере отырып, Көшербаев осы мәселеге қосымша мұғалімдердің де құқықтарын қорғау қажеттігіне тоқталды.

"Біз тек медицина қызметкерлерін ғана емес, басқа салалардағы мамандарды да қорғау жүйесі болу керек деп есептейміз. Соңғы уақытта мұғалімдер де шабуылға ұшырай бастады. Әрине, олардың құқығы заңмен қорғалған. Бірақ мұғалімдерге қарсы жасалған әрекеттер мен соған қатысты жауапкершілік тең болуы керек. Бұл мәселе де қарастырылып жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше ұсыныс бар. Депутаттармен бірге талқылап, нақты шешім қабылдаймыз деп ойлаймын", – деді ол.

Айта кетейік, мұның алдында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігерлерге шабуыл жасағандарға Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілетінін, ондай қылмыстар үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отырғанын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар