$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

Мектеп кітапханашыларына педагог мәртебесі берілуі мүмкін

Редакция
03 мамыр 2024 13:48 3288
Мектеп кітапханашыларына педагог мәртебесі берілуі мүмкін

Қазақстанда мектеп кітапханашыларының жалақысын көтеру үшін оларға педагог мәртебесін беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Қазақпарат агенттігі хабарлады. 

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, республикада 8 489 мектеп кітапханашысы бар. Дегенмен, салада білікті мамант тапшылығы байқалады. Мұның үстіне олардың жалақысы да біршама төмен. 

Айталық, 3 жылдық еңбек өтілі бар кітапханашының айлығы 105 208 мың теңге.

Кітапханашылар 2021 жылы не бәрі 72 558, ал 2022 жылы 89 246 теңге жалақы алып келген.

«Қазіргі уақытта „Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы“ қаулыда „педагог-кітапханашы“ лауазымы қарастырылмаған. Соған байланысты мектеп кітапханашылары „Педагог мәртебесі туралы“ заңда көзделген жеңілдіктер мен қолдауларды ала алмайды. Бүгінде мектеп кітапаханашыларына мәртебе беру мәселесі қарастырылып жатыр» делінген министрліктің жауабында. 

Министрліктің атап өтуінше, еліміздегі 7 089 мектебінде кітапхана бар, олардың кітап қоры — 137 млн дана.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған дерекке сәйкес, республикада 3 898 жалпыға қолжетімді кітапхана, оның ішінде республикалық маңызы бар қалаларда 92 кітапхана бар.

Былтыр олардың оқырман саны 51,9 млн адамға жеткен.

Соңғы жаңалықтар